Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Петропавлда бір мың жұмыс беруші медициналық қорға қарыз

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері бір мың  жұмыс беруші медициналық сақтандыру қорына төлем аудармаған. Құзыретті орган өкілдері қарызы бар салық төлеушілерден берешекті өндіріп алу бойынша тиісті іс-шараларды бастап кетті.

Петропавлда бір мың жұмыс беруші медициналық қорға қарыз

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге байланысты жеке кәсіпкерлер қарамағындағы еңбеккерлер үшін медициналық сақтандыру қорына ай сайын аударымдар жасауға міндетті. Алайда, ол ережеге бағынбай отырғандар өңірде аз емес.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға сәйкес жұмыс беруші жалақының 1,5 пайызы көлемінде қорға ай сайын аударымдар жасап тұруы тиіс. Бүгінде бұл талапты Петропавл қаласы бойынша бір мыңға жуық кәсіпкер орындамаған. Медициналық сақтандыру қорына тиісті сома аударылмаса,адамдарға тегін дәрігерлік көмек көрсетілмейді», дейді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Наталья Елмурадова.

Оның айтуынша медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеу әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Бірінші рет ереже бұзған салық төлеушіге ескерту беріледі. Банк шоттары мен қаржы операцияларына  уақытша шектеу қойылады.

Аталған фактілер бойынша 50 салық төлеушіге қатысты әкімшілік іс қозғалған. 226 жұмыс беруші ескерту алған.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.